Петропавлда бокс чемпионы науқас анасымен бірге лашықта тұрып жатыр Бокстан жастар арасында КСРО чемпионы, КСРО-ның спорт шебері, бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы Руслан Садықов Петропавлдың саз-балшықтан көз ашпайтын Жұмысшы кентінде ауру анасымен бірге жарығы жоқ баспанада өлместің күнін көріп отыр. Солтүстік Қазақстан облысының тарихына көз жүгіртсек, бокстан КСРО-ның чемпионы болған екі-ақ спортшы барын көреміз, соның бірі – осы Руслан Садықов. Екіншісі – КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, марқұм Камиль Сафин. Кеңес одағының құрамына кіретін 15 мемлекеттің спортшылары арасынан топ жарып шығу екінің бірінің басына бұйырмаған бақ, деп хабарлайды Baqkz. «Руслан – нағыз талант еді ғой. Оның қабілетін байқап, өз қарамағына алған, бар білгенін үйреткен марқұм Геннадий Федорович Сутуловтың да еңбегі зор. Ол Русланды туған баласындай жақсы көрді, тәрбиеледі. Мектепті бітіріп шыққан соң өзі сүйреп жүріп институтқа түсіртті», – дейді чемпионның жаттықтырушысы Сергей Киселев. Жасыратыны жоқ, спортта да ара-тұра жершілдік көрініс беріп жатады. Сондықтан Руслан қанша талантты боксшы болғанымен ел чемпионатында жеңіске жете алмады. Бірде бабы келіспесе, келесі сәтте бағы жанбады, төрешілер тобықтан шалған жайттар да жоқ емес. Кеңес одағының чемпионатына Қазақстан біріншілігін ұтқандар ғана баруы қажет деген қағида бар. Бірақ Геннадий Сутулов бұл кедергіні айналып өтті. Өзі қаржы шығарып, шәкіртін ертіп, одақ құрамындағы 15 елдің сайдың тасындай іріктелген былғары қолғап шеберлері жиналатын жарысқа барады. Бұл алып империяның ақырғы жылдары болатын. Руслан артылған үмітті ақтады. Қазақстан чемпионатында жете алмаған биіктен асып түсті, қарсыластарының әрқайсысы өз елінің чемпиондары екенін ол елеген де жоқ. Техникалық шеберлігінің арқасында барлық жекпе-жектерін таза жеңіспен аяқтап, бір сәтте жастар арасында КСРО чемпионы болып шыға келді. Кеңес одағының спорт шебері атағы қоса берілді. Бұл біле білген адамға көпшіліктің өңі түгіл түсіне де кірмейтін жетістік еді. Русланның алдынан даңғыл жол ашылды. Қазақстан боксының көгінде жарқ етіп жарық жұлдыз жанды. Енді әлемді бағындыру ғана қалды. 1989 жылы Кубадағы халықаралық турнирден де табыспен оралды. Өкінішке қарай, адамның қалауы емес, Алланың дегені жүрді. Одақ көлемінде жеңіске жеткендердің көбі бүгінде жоғары лауазымды қызметтер атқарып, бір-бір мекеменің тізгінін ұстап отыр. КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы Камиль Сафин де өмірінің соңына дейін жоғары спорттық жетістіктер мектебінің директоры болғаны мәлім. Жүрегі нәзік, рингтен тыс жерде ұшқан шыбынға да зиянын тигізуді білмейтін Руслан тоқсаныншы жылдардағы дүрбелеңде адасып қалды. Жоғарыда тірегі барлар тірлігін жасады, білегінің күшіне сенгендер қылмыстық ортаға қарай ойысты. Жан күйзелісіне түскен бозбала бұрын татып алмаған ащы суға әуестенді. Арақ жүрген жерде спортқа орын жоқ. Осылайша рингтен де ақырындап алыстай бастады. Қандай жағдай болмасын елі ерін ұмытпауы керек еді, бірақ өкінішке қарай, біздің қоғам Русланды естен шығарып алған сияқты. Кезінде шаршы алаңда бірге тер төккен жолдастары, тіпті бапкерінің өзі оның қайда тұратынын білмейді. Апта бойы тынбай іздеп, әзер дегенде таптық. Петропавлдағы Жұмысшы кентінің саз бен балшықтан аяқ алып жүргісіз Уражайная қысқа көшесінде тұрады екен. Есікті анасы ашты. Бір көзі мүлдем, ал екіншісі нашар көретіндіктен үйдің қабырғаларын ұстап әзер жүр. «Русланды да іздейтін адамдар бар екен ғой, ол ауруханада жатыр» дейді таңданып. Тұрып жатқан баспаналарын үй деп айтуға ауыз бармайды. Қабырғалары ыстан қап-қара болып кеткен. Төргі бөлмеге қарай өттік. Үйде жиһаз атаулыдан ескі диван мен есіктері қисайған шкафтан басқа түк те жоқ. Отын болмаған соң, үсіп қалмаудың қамымен бәрін отқа жағып жіберген. Отыратын орындық та жоқ. Соңғы орындық бүгін пешке кетіпті. Журналист екенімді естіген ол жапа-тармағай жатқан диванының астын қопарып, бірдеңе іздеуге кірісті. Не жоғалтты екен деп аң-таңмын. Бір кезде матрасының астынан бас орамалға оралған бір түйіншекті алып шықты. Осы сәт кейуананың көретін жалғыз көзі жасаурап, иегі кемсеңдеп кетті. Түйіншектің ішінен салдырлатып Русланның медальдарын алып шыққан ол: «Бұл – Русланның бар-байлығы. Осыдан басқа қолында ештеңе де қалған жоқ. Дипломдары мен кейбір медальдарын біреулер ұрлап кетті. Қалғанын көздің қарашығындай сақтап жүрмін, ешкім алмасын деп төсегімнің астына тығып жатамын. Балам осы медальдардың әрбірі үшін қаншама тер төкті ғой», – деп әңгімесін бастады. Руслан 1972 жылдың 14 маусымында Петропавл қаласында туған. Егіздің сыңары. Егізі Равиль жарық дүниеге келгеннен 28 күннен кейін шетінепті. Ұлты башқұрт болса да қазақ ауылында өскен, он жылдық мектепті қазақша бітірген Минахмет пен қазақ қызы Сәния Русланнан бөлек үш қыз өсірді. Өмір бойы Куйбышев зауытында токарь болып жұмыс істеген Минахмет тоқсаныншы жылдардың басында қайтыс болыпты. Балаларының бәрінің құжатында «ұлты» деген жерге «қазақ» деп жазғызғанына қарап оны өзге ұлттың өкілі деу әбестік болар. Ұлының әрбір жетістігіне қуанатын ол Русланның ең үлкен жеңісі – КСРО чемпионы болғанын көріп, жүрегі жарылардай шаттанған екен. «Балам Кубадағы турнирден сырқаттанып оралды. Басы қатты ауырып тұрғанын айтты. Осыдан кейін дерт дендеп, айықпай қойды. Кейін дәрігерлер оған «шизофрения» деген диагноз қойды. Ал бала кезінде көпке дейін тілі шықпай, сөйлеген сөздері түсініксіз болғандықтан оны 15-ші мектепке жіберген еді. Бірақ ақыл-есінде ешбір кемістік болмаған. Мектепті тамамдап, кейін кәсіптік-техникалық училищеде оқыды. Ушинский атындағы пединститутты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтап, қолына дипломын алып, екі жылдай бапкерлік қызмет атқарғаны бар», – дейді анасы Сәния Омарқызы. Русланның талантына тәнті болғандардың бірі – Петропавлдағы бокс мектебі директорының орынбасары Антон Лопатин. Бала кезінен тай-құлындай тебісіп бірге өскен ол досының ауруының асқынуына бір себептің шет-жағасын айтып қалды. 1995 жылдары үйде ерігіп жатқан, аздап қызып алған жас жігіт полицияға хабарласып, үйге бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат береді. Кім телефон шалғанын лезде анықтаған тәртіп сақшылары Русланды іш киіммен ғана үйде жүрген кезде алып кетіп, соққыға жыққан көрінеді. Бұл жайтты боксшының анасы да растап отыр. Бойында күші тасып тұрған жас жігіт, полицияға қарсылық білдіріп, біреуінің сағатын сындырып тастайды. “Ашуға бой алдырған тәртіп сақшылары алдымен жабылып есік алдында ұрды. Кейін қамап қойып сабаған сияқты. Себебі ертеңіне бет-аузы көгеріп оралды” – деп еске алды анасы. Сол оқиғадан кейін басы тіпті жиі ауыратынды шығарыпты. Қазір екінші топтағы мүгедек. Руслан Садықовты өзіне үлгі тұтатын, оның жетістіктері жайлы жақсы білетін жастардың бірі – Азамат Жақиянов. Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Жанат Жақияновтың егізі, бүгінде бапкерлік қызмет атқаратын оның жерлесін көрген сайын жүрегі қан жылайды. Чемпионның бүгінгі жағдайына алаңдайтынын жасырмады. «Руслан сияқты боксшылар өте сирек. Бұлар тума таланттар ғой. Алған асулары туралы балғын боксшыларға айтудан жалықпауымыз қажет. Тағдырдың басқа салған қиындығына төзе алмады екен деп шеттету жөн емес. Облыстың боксшылар қауымы оны ұмытқан жоқпыз, ұмытпаймыз да. 2007 жылы спорт мектеп-интернатында Русланның құрметіне жастар арасында жарыс өткізгенбіз. Өзін шақырып едік, келмеді», – дейді Азамат. Бұл мақаланы жазу барысында Руслан Садықовтың өзімен жолығу мүмкін болмады. Облыстық психоневрологиялық диспансер жабық мекеме болғандықтан дәрігерлер оған кіруге рұқсат бермеді. Кейін емделіп шыққан соң сұхбаттаса жатармыз. Руслан Садықов сияқты ұландарды ұмытуға еш қақымыз жоқ. Жастайынан ел намысын ту етіп ұстап, алдынан шыққан сан түрлі кедергілерді жеңе білген, білектің күші мен жүректің түгінің арқасында алып империяның төріне шыққан батырды жастар үлгі тұтуы керек. Оның үстіне, Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан көзі тірі жалғыз бокстан КСРО чемпионы. Чемпион қашанда сол биік тұғырда қалуы керек. Батырды ат үстінде жүрген кезде құрметтеп, жерге түссе ұмытып кетсек намысымызға сын емес пе? Айықпас дертке шалдыққан батыр ұл мен кемтар кейуана қолдауға зәру екенін де айта кеткен жөн. Сондықтан кез келген көмек оларға артық болмас еді.

Теги других блогов: спорт бокс КСРО